БІЛІКТІ МАМАН ЖАСТАРҒА ҮЛГІ

«Өмірде орнын тапқан азамат – мамандығын дұрыс таңдаған адам» деген сөзбен барша халық келісетін шығар. Мамандығын шын жүрекпен сүйіп, жан-тәнімен беріліп істейтін адамдар қатары шынайы бақытты. Бірақ сол жаны сүйген іспен айналысу бақыты бәріне бұйыра бермейді. Оның ішінде бар болмысымен дәрігер атты мамандықты кез келген жан таңдай бермесі анық. Оны менің сөз еткелі отырған кейіпкерім дәлелдейді.

Иә, бар байлықтың жиынтығы ақша емес, деннің саулығы ғана. Содан болар, қоғамда дәрігерлер қауымының алар орны ерекше. Арамызда адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қараудың арқасында науқастарға шарапат шуағын шашып жүрген ардақты мамандардың бірі, білікті дәрігер – Меруерт Керімбекова.

Меруерт Маратқызы 1989 жылы дүниеге келген. Ол 2013 жылы С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ін емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдап, Ескелді аудандық орталық емханасына терапевт-дәрігер болып орналасады. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген Меруерт Маратқызы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен туған жеріне келіп, отбасын да құрған. Емханадағы күйбең тіршілік пен күнделікті участок бойынша шақыртулардың барлығына уақытымен үлгеріп, екі баласын да тәрбиелеп отыр. Меруерт Керімбекова жүйедегі өзгерістерге байланысты 2016 жылдан бастап жедел-практикалық дәрігер болып бекітіліп, үлкендермен қатар жаңадан туылған балаларды да қарауда. Оның еңбегіне қарт ата-әжеден бастап кішкентайлардың ата-аналары да алғысын жаудырудан шаршамайды. Оған қоса, жаз айында жыл сайын тәжірибеге келетін болашақ студенттерге де бағыт-бағдар көрсетіп жүр.

«Денсаулық – басты байлық» дегендей, қазіргі таңда денсаулық ең басты орында тұрғаны сөзсіз. Ал денсаулықтың мықты болуы, яғни бүгінгі таңда емхана мен ауруханада еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында. Ендеше, осындай ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен шын жүректен құттықтап, арамызда әрқашан аман болып, елімізге, халқымызға өз септігін тигізіп жүре берсе екен деген ниетпен өз сөзімді аяқтағым келіп отыр.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.